2025 жылдың 6–11 маусым аралығында қазақстандық әлеуметтанушылар Рабат қаласында (Марокко) өткен Халықаралық әлеуметтанушылар қауымдастығының (ISA) «Антропоцен дәуіріндегі әділеттілікті түсіну» атты 5-ші форумына қатысты
2025 жылғы 6–11 шілде аралығында Марокконың Рабат қаласында Мохаммед V университетінің базасында Халықаралық әлеуметтану қауымдастығының (ISA) «Антропоцен дәуіріндегі әділеттілікті түсіну» атты V форумы өтті. Форумға әлемнің 100-ден астам елінен 4200-ден аса ғалым қатысты. Әлеуметтанудың жетекші теоретиктері климаттық әділеттіліктен бастап технологиялық даму мен әлеуметтік тұрақтылыққа дейінгі Антропоцен дәуірінің сын-қатерлеріне қатысты кең ауқымды мәселелерді талқылады.
Форумның ұйымдастырушысы ЮНЕСКО-ның қолдауымен құрылған және БҰҰ-да тіркелген Халықаралық әлеуметтану қауымдастығы (ISA) болды. ISA форумы тарихта алғаш рет Африка құрлығында өткізілді. V форумның тақырыбы – «Антропоцен жағдайындағы әділеттілікті түсіну» – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болды. Антропоцен – бұл адамның климат пен табиғи ортаға әсері шешуші рөл атқаратын жаңа геологиялық дәуір ретінде қарастырылатын ұғым. Форум ұйымдастырушылары әділеттілікті тек зерттеу ғана емес, оны түбегейлі өзгерістер жағдайында қайта пайымдау қажеттігін ерекше атап өтті: табиғи ресурстар сарқылып жатқан әлемде әлеуметтік әділеттілік нені білдіреді? Экологиялық және әлеуметтік әділеттілік қалай өзара байланысады? Осы және өзге де сұрақтар Форумның ашылу және жабылу сессияларында негізгі тақырып ретінде көтерілді.
Әлеуметтанушылар үшін мұндай халықаралық шараларға қатысу айрықша маңызға ие. Бұл – білім мен тәжірибе алмасуға, кәсіби байланыстар орнатуға және пәнаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған бірегей алаң. Халықаралық әлеуметтану қауымдастығының (ISA) форумдары әр төрт жыл сайын, әлеуметтану конгрестерімен кезектесіп өткізіледі.
Биылғы форум алғаш рет Солтүстік Африка аймағындағы Марокко мемлекетінің қабылдауында өтті. Форум аясында жаһандық өзекті мәселелер – теңсіздік, климат және әділеттілік – әлеуметтанулық көзқарас тұрғысынан талқыланды.
Форум бағдарламасы Халықаралық әлеуметтану қауымдастығының (ISA) 67 зерттеу комитеті мен жұмыс топтары ұйымдастырған 1329 сессиядан тұрды. Іс-шаралар әртүрлі форматта өткізілді: пленарлық және секциялық отырыстар, дөңгелек үстелдер, презентациялар, модераторлық пікірталастар. Жаңа инновация ретінде әлеуметтану кинофестивалі аясында өткен фильмдердің тақырыптық көрсетілімі академиялық бағдарламаны визуалды түрде толықтырды.
Форум жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізілді. Марокко астанасы Рабат символдық мағынада Африка, Жерорта теңізі, араб әлемі және Еуропа сияқты төрт мәдени аймақтың торабында орналасқан. 1957 жылы негізі қаланған және аймақтың жетекші университеттері тізіміне енген (QS 1201–1400) Мохаммед V университеті форум үшін лайықты алаң болды. Оның кампустары білім беру, құқық, экономика және инженерия факультеттерінде іс-шараларды өткізуге мүмкіндік беріп, параллельді сессияларды икемді ұйымдастыруға жағдай жасады.
Халықаралық академиялық бойкоттар күшейіп жатқан жағдайда Марокконың бейтараптық пен ашықтық ұстанғаны да маңызды. Бұл ел ұлттық немесе саяси белгіге негізделген кемсітушіліктен бас тартып, академиялық еркіндік пен халықаралық ғылыми ынтымақтастыққа адалдығын көрсетті.
Осылайша, Халықаралық әлеуметтану қауымдастығының (ISA) V форумы тек конференция емес, бүкіл әлемнің зерттеушілерін ашық диалог, интеллектуалдық еркіндік пен ғылыми ізденіс атмосферасында біріктірген шынайы академиялық фестивальге айналды. ISA веб-сайтында оның президенті Д. Плейерстің «ISA мүшелеріне хаты» (https://www.isa-sociology.org/en/about-isa/executive-committee/presidential-corner-23/lfp presidential-letter-august-2025) жарияланған, онда ол Халықаралық әлеуметтану қауымдастығының V форумының нәтижелеріне ерекше тоқталады. Бұл хатта Форумның ашылу салтанатында ұсынылған «Әлеуметтану уақыты» декларациясына сілтеме де бар.
Қазақстан әлеуметтанушылар қауымдастығының (ҚӘҚ) президенті М.М. Тажиннің Қазақстан әлеуметтанушыларының конгрестерінде бірнеше рет атап өткеніндей, 2002 жылы ҚӘҚ құрылған сәттен бастап біз Халықаралық әлеуметтану қауымдастығының (ISA) толыққанды мүшесі болып келеміз. 2011 жылдан бастап ISA Атқару комитетінің мүшелерінің Қазақстанға тұрақты түрде сапарлары жүзеге асырыла бастады. Осы жылдар ішінде халықаралық әлеуметтану қауымдастығымен байланыстарымыз едәуір кеңейіп, көптеген халықаралық конференциялар мен пікірталастар өткізілді. Қазақстандық әлеуметтанушылар жақын және алыс шетелдердің әлеуметтанушыларымен бірлескен іс-шараларды белсенді түрде ұйымдастырып келеді. Олардың ішінде ең маңыздысы – Халықаралық әлеуметтану қауымдастығының (ISA) форумдары мен конгрестері.
Forum Statistics-ке сүйенетін болсақ, 2025 жылы Халықаралық әлеуметтану қауымдастығының (ISA) V форумы аясында Қазақстан атынан 21 әлеуметтанушы (оның ішінде 4 студент) қатысты. Олар Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Назарбаев Университеті, Нархоз университеті, Республикалық қоғамдық пікірді зерттеу орталығы, Өзекті саясат институты, «El Umiti» корпоративтік қоры, InDrive компаниясы және Қазақстанның басқа да ұйымдарының өкілдері болды.
Қазақстандық қатысушылар 16 баяндамамен шықты, оның ішінде жақын және алыс шетелдердің әріптестерімен бірлесіп дайындалғандары да бар. Бұл баяндамалар форум қатысушылары арасында ерекше қызығушылық туғызды, әсіресе мәдени құндылықтар, саяси белсенділік пен тұрақты даму арасындағы өзара байланыстар туралы жаһандық талқылаулар контекстінде.
Қазақстан әлеуметтанушылар қауымдастығының журналында форум ұйымдастырушыларының құттықтау сөздері және Қазақстандық қатысушылардың 16 баяндама абстрактілері «Book of Abstract» жинағында қазақ, орыс және түрік тілдеріне аударылып жарияланды.
Қазақстандық әлеуметтанушылар делегациясы Марокко Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Елшілігінде болып, Қазақстан Республикасының Марокко Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі С. Сайлауқызы ханыммен кездесті. Осылайша, Қазақстан «Антропоцен жағдайындағы әділеттілікті түсіну» тақырыбындағы Халықаралық әлеуметтану қауымдастығының (ISA) V форумында өтпелі кезеңдегі қоғамдардағы трансформация үдерістерін зерттеуде тарихи-мәдени мұрасы бай және әлеуметтік динамикасы жоғары маңызды ел ретінде таныстырылды.








